Исламдағы хақы ұғымы – толеранттылық институты
Исламдағы хақы ұғымы – толеранттылық институты

Ислам дініндегі хақы ұғымы ерекше дәріптелетін құндылық. Исламда хақы мәселесі сөз болғанда аталмыш діннің өмірдің барлық саласында, кез-келген қарым-қатынас түрінде адамдар арасындағы биік адамдық мораль, адамзат аңсаған әділдік өркенін жаюға мүмкіндік беретін хақылардың белгіленгенін бағамдаймыз.

Біздің қарастырғалы отырғанымыз адамдар арасындағы хақы мәселесі. Ислам дінінде ата-ананың хақысы, баланың хақысы, әйелдің хақысы, ердің хақысы, туыс-туғанның хақысы, көршінің хақысы, мұсылманның хақысы, т.б хақыларды белгілеу арқылы адамдар арасындағы қарым-қатынас пен қоғамдық барыс-келістерді реттеп отырған.

Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімнің «Ниса» сүресі 36-аятында:

وَاعْبُدُوا اللَّهَ وَلَا تُشْرِكُوا بِهِ شَيْئًا وَبِالْوَالِدَيْنِ إِحْسَانًا وَبِذِي الْقُرْبَى وَالْيَتَامَى وَالْمَسَاكِينِ وَالْجَارِ ذِي الْقُرْبَى وَالْجَارِ الْجُنُبِ وَالصَّاحِبِ بِالْجَنْبِ وَابْنِ السَّبِيلِ وَمَا مَلَكَتْ أَيْمَانُكُمْ إِنَّ اللَّهَ لَا يُحِبُّ مَنْ كَانَ مُخْتَالًا فَخُورًا

«Аллаһқа құлшылық жасаңдар. Оған ештеңені ортақ етпеңдер. Ата-аналарыңмен, туған-туыстарыңмен, жетімдермен, қамқорлықты керек қылған адамдармен, алыс-жақын көршілеріңмен, достарыңмен, қол астарыңдағы қызметшілермен жақсы араласыңдар. Алла барлық дандайсыған мақтаншақтарды жақсы көрмейді».

Бұл жерде Аллаға ғибадат ету мен Оған ештеңені ортақ етпеу әмір етілгеннен кейін артынша адамдардың қарым-қатынастағы бірнеше сатылы ақылары тілге тиек етіледі.

Ата-ананың ақысы мәселесінде ата-ананың қай дінде болуы маңызды емес. Олар басқа дін өкілдері болса да, Ислам діні мұсылмандарға ата-анасының ақысын беруді қатаң талап етеді. Тіпті олар қартайып, әл-дәрмені құрыған шақта, уһ деп зекімеуге бұйырады. Ал, хадис өсиеттері мен Алқама, Уәис әл-Қарани уақиғалары сияқты ғибратты риуаяттар ата-ана хақысының айрықша маңызға ие екенін білдіреді. Бұл жайлы Алла Расулының (с.ғ.с) өмірі, сахабалардың басқа діндердегі ата-аналарын тыңдау айырықша атауға тұрарлық толеранттылық емес пе?! Ал, осындай исламдық тәрбиеден нәр алған бабалар даналығындағы «Ата-анаң жынды болса, байлап бақ» делінетін тәрбие тәмсілі ата-анасының қай дінді ұстанғаны былай тұрсын, ақыл-есі сау болмаса да хақысын беруге тиісті тұлғалар екенін айғақтаса керек.

Пағамбарымыз (с.а.с.) хадистерінде «Аллаға, қиямет күніне сендім деген адам көршісін сыйласын», «Алла назарында достардың ең жақсысы досына ең қайырлы, пайдалы болғаны. Алла назарында көршілердің ең жақсысы көршілеріне ең қайырлы болғаны» – деген. Ал, тағы бір хадисте Алла Елшісінің (с.ғ.с) Жәбірейілдің (ғ.с) көрші хақысын соншалық дәріптегенінен жеткізеді. Демек, мұндағы «сыйлау» мен «қайырлылық» ұғымның көрші хақысының маңыздылығынан екенін түсіндірсе керек. Ислам діні бір ғана көрші хақысының өзін үш түрге бөліп қарастырады. Онда да ең хақысы төмені – бір ғана хақысы бар көрші ретінде христиан, еврей не буддист сынды өзге дін өкілдері болып табылатын көршілер қарастырылған. Көршіні сыйлау, құрмет ету, оларға жақсылық жасау олардың дінінің христиан, еврей болмаса басқа дін өкілі болуына байланысты емес. Қандай дінде болса да, көрші хақысы талап етіледі. Сол сияқты туыстық хақы мәселесінде де солай. Пайғамбарымыздың еврей көршілеріне көңілін сұрай баруы, тамақ апарып беруі, мұсылман емес туыстарымен жақсы қарым-қатынаста болуы, сахабалардың көршілерімен және туыстарымен дініне қарамай көркем қатынаста болуы, т.б мұсылмандар өміріндегі толып жатқан өнегелі мысалдар мен адамзатқа үлгі болар ғибратты әңгімелер осының жарқын куәсі. Демек, өзге дін өкілдерінің ұстанымына ғана құрметпен қарап қоймай, оларға жәрдем беріп, көркем сыйластық көрсетуден асқан толеранттылық болсын ба?!

Ислам діні хақысы бар адамдарға діндеріне қарамастан құрмет көрсетуді, хақысын беруді, моралдық тұрғыдан ғибадат деңгейіне көтереді. Мәселен, исламдық неке үрдісінде хиристандық және иудейлік ұстанымдағы әйелдермен үйленуге рұқсат етіледі. Сонымен қатар, ондай жұбайларға да хақын беру қатаң талап етіледі. Міне, көріп отырғанымыздай Ислам діні мұсылмандарға мойынында хақысы бар өзге дін өкілінің хақысын беруді міндеттелген. Олай болса, отбасында қалыптасқан мұндай үлгінің қоғамдық қарым-қатынаста жеміс бермеуі мүмкін емес.

Исламның негізі болған Құран мен хадис құндылықтарында бұл хақылардың қай-қайсысының сақталмауы адамды екі әлемде қор қылатын жиіркенішті амалдар ретінде қалауы жайдан-жай емес. Алдымен жеке тұлғаны, сосын қоғамды тәрбиелеп, ұлтына, дініне, нәсіліне қарамай жақсы мәміледегі, көркем қатынастағы адамзат қоғамын құруға шақыру болмақ.

Демек, сан ғасырлық мұсылманшылық ұстанымдағы хақы ұғымы – Ұлы Жаратушы Алла Тағалының ризалығы сынды ұлы мұратқа жетудің себебі ретінде қарастырылатындықтан, шынайы ниет пен көркем қарым-қатынас әдебіне құрылады. Оларды өзге дін өкілі ретінде ұстанымына құрмет көрсетумен қатар, олардың көршілік, туысқандық, жұбайлық, т.б хақыларын ада етеді. Сол себепті біздің бүгінгі күнде айтып жүрген толеранттық ұстаным мұсылмандар үшін пәлендей жаңалық емес. Өйткені, олардың ұғымында толеранттық мәселесі толыққанды қалыптасып, өмір дағдысына айналып үлгерген. Тарлан тарихымызға қарайтын болсақ, 1937 жылдардағы Қиыр Шығыстан жер аударылып келген, 1954 жылы басталған тың игеру жылдары тағдыр тәлейімен елімізге келіп қоныстанған ұлты да, діні де басқа халықтарды бауырына басып, олардың аяқтан тұрып кетуіне көмек қолын созған жергілікті мұсылман халықтардың ісін қалай ғана толеранттық үлгісі деп бағаламасқа. Демек, Ислам діні өмірге әкелген хақы тәрбиесі – ең әуелі Алла ризалығын табудың жолындағы раушан ғибадат, талай ғасырлық мұсылманшылық тұрмыс салты, хош иісі аңқыған Расулулла (с.ғ.с) үмбетінің әдебі ғана емес, орындалуы міндетті ғибадат деңгейіне көтерілген толеранттық бастауы екенін аңғарамыз. Демек, Исламдағы хақы ұғымын дәріптеу тек қана мұсылмандар мен өзге дін өкілдерінің ара қатынасын реттеп қана қоймайды.

Сондықтан, хақы ұғымын қоғамда дәріптеп, азаматтардың өмір салтына сіңіру – жалаң түрде дәріптеуден де өнімді, сандаған формалды семинарлар мен конференциялардан әлдеқайта қуатты толеранттық мәселесін қалыптастырудағы қоғамдық институт деуге болады.

Оразбек САПАРХАН

Оразбек САПАРХАНОразбек САПАРХАН
9 лет назад 15241
2 комментария
  • өте сауатты жазылған, соқырға таяқ ұстатқандай етіп жазылған мақалаңыз үшін Алла разы болсын, айтқандайын, блокқа хош келдіңіз
    9 лет назад
О блоге