БІР КЕЛІП ҚАЙТ
БІР КЕЛІП ҚАЙТ

Оразбек САПАРХАН

БІР КЕЛІП ҚАЙТ


Неге ілестің күндестіктің биіне.
Көп ілестің, бауырым-ау. 
Жиі... 
Не!
Бір келіп қайт қоңыр таудың төсіне,
Бір көріп қайт кең екенін дүние.

Таңдай қағып көрген адам тамсанар,
Баурайды анық тауда болған қансонар.
Құзғын таңда бұлбұл құстар ән салып,
Біздің тауда мың жасайды аршалар.

Біздің таудың ауасы да орасан,
Көп нәрсе бар.
Үйренуге жарасаң.
Біздің аспан соншалық кең. 
Соншалық!
Көз жетпейді шет-шегіне қарасаң.

Біздің тауда күміс те бар, алтын да,
Біздің тауда бұлт жамылған бар шың да.
Талас та жоқ, тартыс та жоқ ешкімде,
Қазақтардың көңілі сол қалпында.

Біздің тауда арқар, құлжа, бұғы бар,
Құстардың да сан алуан түрі бар.
Бір табиғат аясында жасайды,
Олар емес жағдай үшін құбылар.

Қатар ағып жатады әр кез мың бұлақ,
Бір-біріне сырын айтып сылдырап.
Бір көріп қайт, сен соларды, бауырым,
Бір келіп қайт!
Кетіпсің ғой құлдырап...

 

"Алғашқы қар" кітабынан.

Оразбек САПАРХАНОразбек САПАРХАН
9 лет назад 4359
1 комментарий
О блоге