Ұлт мұрасы һәм діндарлық
Ұлт мұрасы һәм діндарлық

Азамзат баласын шексіз даналықпен әртүрлі ұлттарға бөліп жаратқан Алла Тағаланың өзі қасиетті Құранда «...Бір-бірлеріңді танып-білулерің үшін сендерді ұлттар мен ұлыстар етіп жараттық» («Хұжурат» сүресі, 13-аят), – деп баяндағаны тектен-тек емес. Пәни дүниенің есігін ашпастан бұрын ешкім де ұлтын таңдай алмайды. Демек, ұлттық болмыс – Алланың қалауымен берілетін иләһи сыр, шексіз даналық, зор нығмет.

Аталмыш аят төңірегінде тереңірек ойланар болсақ, Алланың қалауымен қазақ деген халықтың өкілі болғанымыз үшін ғасырлар бойына қалыптасқан рухани болмысымызды, өзіндік ерекшелігі бар өнер туындыларымызды (қай саласы болмасын), басқа ұлттардан айырқаша бөгенаймен бөліп тұрған дәстүрлеріміз бен мұраларымызды ардақтағанымыз жөн екенін аңғарамыз. Ұлттық болмысымызға құрметпен қараудың өзі құдайшылық екенін сеземіз. Бұл да болса Алланың нығметіне болған шүкіршілік екенін бағамдаймыз.

Ұлттарды бір-бірінен ажыратып тұратын белгілерінің бірі де, бір егейі – салт-дәстүр, рухани һәм затты мұралары. Қазақ халқы – ғасырлар бойына адамзат өркениетіне өзінің бай мәдени, әдеби, рухани мұраларымен зор үлес қосып келген дегдар болмысты, бекзат бітімді, бекзада халық. Қазақ халқының қайсыбір дәстүрін, өнерін, дүниетанымын алсақ та, дін Исламнан алшақ жатқаны – өте аз. Сәбидің іңгәләп дүние есігін ашқаннан бастап, өмірден өтіп жер қойнына тапсырылғанға дейінгі маңызды өмір жоралғылары, алар тәрбиесі, көрер өнегесі, бойына даритын болмыс пен дүниетанымы, ұстаған өнері мен сусындаған руханиятының барлығы ата дінімізбен қабысып жатыр.

Қазақ халқының атадан қалған мұрасы дегенде көз алдымызға абыз ақсақал, мейірбан ана, жетелі бала, тәрбиелі қыз, ибалы келін, әділетті қоғам, берекелі отбасы, бейбіт отан, дегдар адамдық, бойға тараған тақуалық, қоғамда етек алған саналы құдайшылдық елестейді. Қазақ халқының көшпелі өмір салтынан жинақтап, иманмен қабыстырып, ғасырлар тезінен өткізе отырып қалыптастырған бекзат болмысы мен халықтық өнер туындылары да қамтылады. Шын мәнінде, біздің атадан қалған мұрамыз – Алла мен адам арасындағы шынайы, дұрыс қарым-қатынасты өзек еткен қоршаған ортаның жарасымдылығы мен береке-бірлігінен құралған қоғамдық өмір үрдісі. Өмірге келу мен өмірден өтудің арасындағы материалдық және рухани құндылықтар энциклопедиясы.

Өкінішке орай, соңғы кездері ата салттан бет бұрып, қазақы болмыс пен ұлттық дүниетанымнан уаз кешуді дегдар діндарлық санап жүрген бауырларымыз аз емес. Олардың ойынша, біздің көптеген дәстүрлеріміз ширк пен бидғатқа жатады екен.

Бірақ, біз Құран құндылықтары мен Алла Елшісінің (с.ғ.с) өнеге мектебіне қарап отырып, біздің ұлттың болмысына туа бітті, әдет-ғұрыптарымыздың көп бөлімі Ислам шариғатының аясында екенін аңдаймыз. Халқымыздың бала туылмастан бұрын, оның ата-анасына құдаласуының өзі Ислам өнегесінен нәр алған. Өткен ғасырға дейін жалғасып келген құдалық жоралғыларында қалыптасқан бел құда, бесік құда, атастыру, уәделесіп құда болу сынды құдылық тәсілдерінің барлығы Адамзат ұстазының (с.ғ.с) насихат еткен құда түсу, қалыңдық таңдау пренциптеріне қайшы деп айта алмас едік. Сөз басын бір мысалға бұрайықшы. Мәселен, ата-бабаларымыз да тегіне асыл діннің әмірі сіңген, тақуадар, білімді әуелттің қызын айттырып, Құдай десіп құда болған. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) бұл мәселеде қалыңдықтың төрт түрлі шартын, қыздың тегін, сұлулығын, байлығын, тақуалығын айта келіп, діндарын таңдауға кеңес бергені белгілі. Ал, Пайғамбарымыз (с.ғ.с) қалыңдықты бір рет болса да көруге кеңес берсе, халқымызда осы әмірге сай күйеудің қалыңдықты көру үшін «Ұрын бару» деген салт болғаны баршамызға белгілі. Ал, бұдан кейінгі жұбайласқан тұлғалардың Тәңір (Алла) ақысын жемеуді ту етіп, адал ішіп жеу, біреудің ала жібіт аттамауға құрылған өмірлері шариғаттан былай деп қалай айтасың.

Яғни, халқымыз азаматтарды туыла салысымен құлағына азан шақырылып, аты қойылғаннан бастап, ақ кебінге оралып, жаназасы оқылғанға дейінгі аралықтағы өмір белесін Ислам құндылықтары аясында өткізуге баулыған. Демек, біздің тәрбие мирасымыздың өзі Исламды қуаттайды. Ал, харамнан қашып, адал еңбектің бодауынан қалыптасқан малшаруашылық, ағашшылық, теміршілік, егіншілік, т.б кәсіптері де Пайғамбарлар мирасы емес пе? Қала берді, аңшылық, саятшылық дәстүрлері, атбегілік пен құспегілік, есепшілік, ұсталық, т.б өнерлерінің, адамдық қағидаттарға құрылған мәдениеті мен дүниетанымдық болмысының барлығы шариға рұхсат берген, құптаған шеңбердің ішінде тұрған жоқ па?

Сондықтан, бүгінгі жастар санасында ұлттық дүниетанымды, дүние мәдениетінде қайталанбайтын төл мәдениетті, қазақы болмысты, тіпті атадан қалған қазақы ойлау жүйесін жаңғыртудың өзі – біздің ата дінімізді жаңғыртудың бір көрінісі болмақ.

Осылайша, шариғаттың тыйымы мен әмірінен қуат алып, сан ғасырлық сынақтарға төтеп берген ата дәстүрімізді ардақтау – біздің мемлекеттілігімізді сақтап, ұлт болып қалуымыздың кепілі. Дінге қайшы келмейтін рухани-заттық мұраларымыз, кәсіп-шаруашылығымыз, дүниетанымымыз – Алланың қалауымен берілген болмысымызға сіңген бай рухани құндылық қана емес, өмір сүруіміздегі материалдық мүмкіндік, ұрпақтарымызды Аллаға қалаулы құл болуына жол бастайтын Аллаберді амат екенін сезінуіміз керек. Ол үшін, ұлт болып ұйысып, жаһанданудың шаңына көміліп, батыстық кертартпа мәдениеттің жетегінде жүрген жастарымыздың санасына ата мұраның шамын жағуымыз керек. Сонда ғана олар мемлекетшіл санада, отаншылдық рухта, бейбіт сүйгіш, дінаралық түсіністікке бай, «Мәңгілік елдің» мұрагерлеріне айналады.

Оразбек САПАРХАН

Оразбек САПАРХАНОразбек САПАРХАН
1 год назад 591
1 комментарий
  • Шын мәнінде, біздің атадан қалған мұрамыз – Алла мен адам арасындағы шынайы, дұрыс қарым-қатынасты өзек еткен қоршаған ортаның жарасымдылығы мен береке-бірлігінен құралған қоғамдық өмір үрдісі. Өмірге келу мен өмірден өтудің арасындағы материалдық және рухани құндылықтар энциклопедиясы. Жөн сөз...
    1 год назад
О блоге