МҮМИНДІК МҰРАТ – БАРЛЫҚ САЛАДА ИГІЛІГІН КӨРЕ АЛАТЫН ҚҰНДЫЛЫҚ
МҮМИНДІК МҰРАТ – БАРЛЫҚ САЛАДА ИГІЛІГІН КӨРЕ АЛАТЫН ҚҰНДЫЛЫҚ

Жатбауыр ұғымдар  

Көкек ана. Тасбауыр әке. Қарттар мен жетімдер үйі. Тастанды бала. Қамқорлықсыз қалған қарттар. Қазақ ұғымына ХХ ғасырдың соңы мен ХХІ ғасырдың басында енген құлаққа түрпідей тиетін тұрпайы тіркестер мен жатбауыр ұғымдар. Енді міне, Жалғыз басты аналар үйі мен «Сәби-жәшітер». Жаныңды жабырқатып, сананы сарпалдаңға салатын осы бір құбылыстар үшін жүрек қалай ауырмасын. Ауырғаның не, жер бауырлап жылайды-ай келіп... «Олар хайуан тәрізді, тіпті одан ары адасуда» («Әл-Аъраф»:179) деп келер ардақты Құран аяты еске оралады. Қапысыз қалай айтылған. (Әрине, қапысыз айту Үстем, Дана болған Аллаға ғана жарасады емес пе?) Олар үшін баласын тастағандар мен ата-анасын қараусыз қалдырғандарға ана, әке, бала деген ардақты есімдерді қорлағың келмейді.

Оларға «Бұндай тексіздік қазаққа жат ықылық», «Қазақы дүниетаным мен мұсылмандықты былай қойғанда адамдыққа тән нәрсе емес» деп жік-жапар боп түсіндіріп көргің келеді. Ұғар ма екен, шіркіндер! Әй, қайдам... Ұқса, осы бір бассыздық тыйылмас па еді. Онда, не істемек керек?

Осы сұрақ әр қазақты мазалайтыны-хақ.

Елімізде «Сәби-жәшіктері» пайда болуы мүмкін екені туралы жаңалықты ғаламтордағы жұрт қызу талқылап кетті. Басында атына қарап, тастанды балаларға арналып көшелерге қойылатын қайырымдылық жәшіктері шығар деп ойлағам. Бірақ, олай болмай шықты. Аталмыш жәшік баласын тастамақ болған көкек ана, тасбауыр әкелерге арналған жәшік екен. Қоқыс жәшігі деген сияқты...

Қалай ғана... көзі жаутаңдап, қарашығы мөлдіреп жатқан, жұпар исі аңқыған сәбилерін көзі қиып, көңілі суып қоқыс жәшікке қоқсық тастағандай әкеп тастап кетеді деші... Бананның қабығы, тәттінің қағазы емес.

«Сәби-жәшіктерді» көшелерге орнату қоғамымыздағы абайсызда «от басқан» немесе тұрмыстың тауқыметіне шыдамай, сәбиді бағудың ауыртпалығынан қашып, баласынан қалай құтыларын білмей жүрген қыздар мен жігіттерге сіз боп, біз боп, жалпы қоғам боп атсалыса отырып баладан «құтылудың жолын» үйрету болып жүрмей ме? Жарайды мейірімді жандар тауып алып бағады делік. Өз анасы мен әкесіндей бола ала ма? Жас өседі де, жарлы байыйды. Қоғамнан өгейлік көрмейтініне ешкім кепілдік бола алмасы анық. Сосын оларға «отаныңды сүй, ұлтыңды ардақта, ата дініңді құрмет тұт» деп айтып көріңіз?

 

Көмегіміз ақылға тиек болса ғой

Қаттар үйі болсын, балалар үйі болсын «Өз үйі, өлең төсегіндей болмайтын суық мекен, сүреңсіз орталар. Себебі, ол ортадағы өздері мейірімге мұқтаж жандар оларға қалай мейір сыйламақ. Мейірім аздау ортадан нендей рухани биіктік талап етуге болсын. Сондықтан, біздің олардың құшағындағы сәбиі мен қауқарсыз қалған ата-анасын алып, бағып-қағып отыруымыз шарасыздығымыздан емес пе? Бұл кімнің көңіліне жұбаныш бола алсын. Одан да өскелең ұрпағымызды адам өмірінің бағасын біліп, аманат өмірдің қадіріне жететін иманды азаматтардан болуға тәрбиелемейміз бе? Рухани түлеу сатысындағы қазақ қоғамында мұндай келеңсіздіктерді түбегейлі жоюдың тиімді тетіктерін қарастыратын кез келген сияқты.

Қасиетті Құранда иманды жандардың мәдениеті туралы «...Олар дұрыстыққа қосып, бұрыстықтан тосады. Сондай-ақ, олар намаздарын толық орындап, зекет беріп, Аллаға, Елшісіне бойұсынады. Соларды Алла мархабатына бөлейді. Расында, Алла тым Үстем, аса Дана» («Тәубе» сүресі, 71-аят),-делінген. «Олар дұрыстыққа қосып, бұрыстықтан тосады» аятының өмірде атқарар қызметі орасан. Демек, «жақсылыққа бұйырып, жамандықтан қайтаруға әрекет етпегендер» осы аяттағы мақтауға лайық болған топқа қосылмайды. Осыны сезген жүрек қалай ғана байыз тапсын. Жамандық атаулыдан ат тонын ала қашып, жүрегін сау, санасын таза ұстауға тырысатыны ақиқат. Алланың ақырғы Елшісі Мұхаммедтің (с.ғ.с) хадистерінде де көптеп айтылатын мұсылмандықтың басты сипаттарының бірі де осы.

Құранда жетпіске жуық аятта мақталатын сабырлылық мүміннің ақаусыз өмір салтының бір көрінісі. Азаматтар бойына жастайынан «Барға - риза, жоққа - сабыр» етерлік имани мәдениет пен қоғамдық дағды қалыптастырудың бұндай түйткілді мәселелерді шешудегі рөлі айырықша. Ата-анасын қараусыз қалдырғандар мен баласын тастанды қылғандардың басым бөлігі өздеріне түскен қаржылық һәм рухани салмақтарға сабырлылық таныта алмай жатқан қоғам мүшелері. Сабырлы болудан тыс, мүмін болған пенделер хадистерде айтылғандай, жалаңаяқ шөгірдің арасымен жүгендей әрбір жамандық атаулыдан қашып жүрмек. Қолымен де, тілімен де басқаға зарар бермейтін биік рухани мұратқа талпынып жүретін мұндай жандардан қалай жамандық күтуге болады.

Сондықтан, қазақ қоғамында азаматтар ұмтылатын мүміндік статусын тіктеу – біздің рухани жұтаңдықтардан арылуымыздың сара жолдарының бірі.

Бір сәт өткен тарихымызды бағамдасақ, «Жеті жарғы», «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы» секілді санамалы заңдық нормаларымен-ақ, қарттар мен жетімдер үйінсіз, жетімін жылатпай, жесірін қаңғыртпастан ХХ ғасырдың табалдырығын аман аттады емес пе? Бұның сыры сол замандағы қоғам мүшелерінің ислами қағидаттарды берік өмір салтына айналдырып, рухани иммунитет қалыптастыра білгендерінде.

«Отан отбасынан басталады» деген даналық ғақылия бекер айтылмаса керек. Ақаусыз отбасының орнын өгейсінген қоғам мүшелерінің кешер рухани азабын біз тілмен айтып жеткізе аламыз ба? Ал, отбасылық иституттың жібінен берік ұстанған мұсылман болуға насихаттау – Ислам дінінің басты құндылықтарының бірі екенін ескерсек, бұл мұратты қалыптастырудың қаншалық өзекті екенін сезінген болар едік.

Қысқасы, мүміндік мұрат - барлық сала игілігін көре алатын биік рухани құндылық. Сондықтан, ел болып ертерек ойлаған абзал.

Оразбек САПАРХАН

Оразбек САПАРХАНОразбек САПАРХАН
1 год назад 570
4 комментария
  • Кез келген санасы бар адамның жанына ауыр тиетін мәселелер.
    1 год назад
    • Дұрыс айтасыз... Абайша айтқанда "қайнайды қаның"....
      Шын мағынасында қоғамның дертіне мұсылманның жүрегі ауыруы керек. Ал, сол жүректің ауыруына мұсылман себепкер болмауы лазым.
      1 год назад
  • Жақсы түйткілді мәселе көтеріпсіз. Бірақ тақырыбын дұрыс қоя алмаған сияқты. Қызықтырып қоя керек еді.
    1 год назад
    • Мүмкін, бір адамның ойы, әрине, келте болады.
      Мұндай тақырып қою арқылы шынайы мүмін болуды армандаған кісінің барлық салада игілік жарататынын меңзегім келген.
      1 год назад
О блоге