ӘСІРЕ ДІНШІЛДІК МӘСЕЛЕСІ
ӘСІРЕ ДІНШІЛДІК МӘСЕЛЕСІ

Жүрісі күдікті, қылығы жағымсыз шетелдік сектанттардың алдам қалтасында жүргендер мен емшілік, тәуіп, көріпкелдік, т.б «модаға» айналған оккульттік бағыттардың шырғасын былай қойғанда, бір мешітте, бір имамның артында тұрған жамағаттың ішінен «аят, хадисті ақылға алмайтын», «еріп амал қылатын», «кәпір» деп шоқпар ала жүгіретін, әркімнің есігін бір қағып, ауыл-ауылды аралап кететін, т.б түрі бір тілегі басқа, діні бір ділі басқа жастарды байқау қиынға соқпайды.

Қала берді, «Балам жасаған тамағымды жемей қойды», «Қайын ағам харам деп тойыма келмеді», «Намаз оқымағаным үшін «кәпірсіңдер» деп ұлымыз бізден іргесін бөлді» деген сөздері жиі естіп жүрміз. Өкініштісі бүгінде мұндай әңгімелерді кез-келген жерден естіп қалатынымыз.

Иә, қазақ болмысына жат мұндай құйтұрқы әрекеттер қайдан кірді арамызға? Талай шаңырақтың берекесін алып, құтын қашырған қандай дерт? Талай туысты бір-біріне дұшпан еткен қандай күш?

Салмақты оймен сараптаған кісіге осы сұрақтардың бәріне ортақ бір жауап бар. Демек, бұлар «артық қыламын деп, тыртық қылып жүргендердің» ісі. Бір сөзбен айтқанда әсіре діншілдік.

Екі дүние Сұлтаны Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с) өзі «астын сызып» ескерткен әсіре діншілдік мәселесі бүгінгі қоғамымызда да өткір мәселеге айналып келеді десек артық айтқан болмаспыз.

«Дүмше молда дін бұзар», «Асқанға бір тосқан бар», «Өлтіретін «молда» бар, өртейтін кітап бар». Бұндай мақалдар қашаннан бері айтылып келе жатқанын қайдам. Десе де, атам қазақ дін мәселесінде де «Былшығын шығарам деп, қылшығын шығаратын» дүмшелердің қауіпті екенін ертеден білсе керек. Қазақ даласында қадым замандарда әсіре дін ұстап, ұшқары кеткен ешкімнің болған-болмағанын  Бір Алла біледі. Бір білеріміз, өмірін өнегеге толтырған Мұхаммед (с.ғ.с) үмметіміз деп өмір кешіп, дін мәселесінде де сабырлы, салмақты болғаны. Олай дейтініміз қазақ даласын осыған дейін «діни алауыздық болыпты» деген сыбыстың елесі кезбеген. Адамдар дін ұстануды өмірдің өзіндей қабылдап, салт-дәстүрі мен мәдениетіне айналдырып үргірген еді.

«Әуелі  аят-хадис – сөздің басы» десек, Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімде «Біз сендерді орта жолды ұстанатын қауым қылдық...», «Бізді тура жолға сала көр! Нығметке бөленгендеріңнің жолына! Ашуға ұшырағандардың және адасқандардың жолына емес!(де)» деп әмір етіледі. Аталмыш аяттарда адаспай шектен шықпай жүретін бір жолдың (сиратул мустақим) бар екенін, оны Алла сүйетінін аңғарамыз. Пайғамбарымыздың да (с.ғ.с) діншілдік мәселесінде де шектен шығып кетуді құптамайтындығын, байыпты, басалды дін ұстануға насихаттаған мүбәрак хадистерден байқауға болады.

«Дінде шектен шықпаңдар! Дінде шектен шығу құрдымға кетіреді», «Еш нәрсеге, тіпті дінге де шектен тыс берілмеңдер. Сіздерден бұрын өткен көп қауым дінге шектен тыс берілгендіктен өкініште қалған».

Осы орайда, діни сананы қауіпті діни уәждерден қорғап, Ардақты Елші (с.ғ.с) салып кеткен сара жолмен жүріп, «әлхамдулилла мұсылманбыз» деген ұлттық дүниетанымымыз, дала дәнішпандарының рухани ілімдері Ислам діні насихаттайтын «Сиратул мустақимді (тура жолды)» меңзейді.

Шын дін мен «жын» діннің ара жігі, діни әрі рухани ілім мен танымдағы ауытқушылық, діни негіздерден көз жазып қалу, діни көрсоқырлық пен ұшқарылық жайында Шәкәрім қажының «Тіра жолда қайғы тұрмас» деген өлеңінде жақсы айтылған:

«Таза ақылмен таппаған дін,

Шын дін емес – жындылық.

Қарамалаған бір соқырсың,

Өлген ой мен көз, құлақ»,-десе тағы бірде діни бұрмалаушылықтың белең алғаны жайында ой толғап:

«Таза діннің шын негізін,

Ұстаған бір пенде жоқ,

Дүние толған көп шатақ дін,

Бәрі бірдей шатпырақ»,-дейді.

Сәдуақас Ғылмани да «Бейімбеттің өлеңі ұстасаң розаны шын ораза ғыб ұста, болмаса құр ашығудан не пайда деп кесібке қыздырған. Ол сөз нағыз орынында айтылған сөз ғой.

Мұхаммет Пайғамбар (с.ғ.с) өз сөзінде: «Талай ораза ұстаушылар бар. Олардың оразасы шөлдеу мен қарны ашудан басқа табары болмайды» деген ғой!» деп білімсіз, надандықпен жасалған құлшылықты сынаған Бейімбеттің өлеңін құптайды. Пайғамбар сөзімен қуаттап бекітеді. Демек, діншілдікті біліммен байланыстыру дала данышпандарының еңбектерінде көптеп ұшырасатын көзқарас екенін аңғару қиынға соқпайды.

Бұл осы заманғы діншілдер үшін де аса өзекті. Білімсіз намазхандардың діни мәтіндерді дұрыс түсінбеуінің салдарынан қаншама жастарымыз теріс пиғылды жат ағымдардың жетегінде жүр. Ендеше, қазақтың діншіл болмысында да білімсіз дін ұстану діншілдікке жатпайды. Сондықтан дала тағылымгерлерінің асыл сөздері мен байырғыдан келе жатқан дәстүрлі діни сананы жаңғыртудың рөлі айырықша.

Әсіре діншілдік мәселесінің алдын алу жайлы сөз қозғағанда ең әуелі идеялогиялық кешенді жұмыс жүргізу арқылы қоғам мүшелерін терроризм, экстремизм және радикализммен саналы түрде күресетін, сақтануға мейілінше қабілетті рухани иммунитет қалыптастыруымыз керек. Жалаң ұран мен формалды істер тақуалықтың белгісі бола алмайтынын түсіне отырып, нақты нәтижелерге ұмтылуымыз керек.

«Құдай – бір, Құран – шын, Пайғамбар – хақ» деп иманның үш тұғырына берік жармасқан қазақ даласында діни алауыздық болмады десек, бүгінде әсіре діншілдердің салдарынан халықтық санаға талас басталғандай. Олар алдымен өзіне, сосын қоғамның береке-бірлігі мен тыныштығына, ел тұтастығына қиянат жасайды. Бұл мәселені ел болып ойланып, жүрт болып толғанып, азаматтар санасына шам жағатын кез келген сыңайлы.

Оразбек САПАРХАН

Оразбек САПАРХАНОразбек САПАРХАН
1 год назад 1118
2 комментария
  • Менің жақын құрбым қатты сырқат, алайда емін бастамай жүр, сол баяғы үй, бала-шаға деп. Телефонмен емделсеңші деп айтамын.
    Кеше білдім жолдасы Қажылық өтеуге кетіп бара жатыр екен. Шыны керек жолдасы туралы көп нәрсе айтқым келді айтпадым. Бір айтқаным, сені емдетсе, оған көбірек сауап болар еді ғой дедім.
    Бұл да әсіре діншілдік емей немене?...
    1 год назад
    • Бүгінде қалыптасқан дәстүрден безінуді, мемлекеттілік құндылықтарды көзге ілмеуді, көрінгенді күпірлікпен айыптауды дегдар діндарлық санаудың бәрі де әсірелік қой...
      1 год назад
О блоге